23 ақпанда Алтыбаева Ақжан Бақытжанқызымен кездесу өтті.
Алтыбаева Ақжан Бақытжанқызы— 30 жылдық педагогикалық және қоғамдық еңбек өтілі бар, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті практикалық лингвистика кафедрасының аға оқытушысы. Қазақ тілін оқыту әдістемесі саласында 50-ден астам ғылыми еңбек, оқу-әдістемелік құралдар мен электронды ресурстардың авторы.
Ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік қызметімен қатар, халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларға тұрақты қатысып келеді. 2024 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасының грант иегері атанып, Түркия Республикасының Измир қаласындағы Еге университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
Қоғамдық салада Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облысы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы ретінде отбасылық құндылықтарды нығайту, аналарға қолдау көрсету, ұлттық тәрбие мен мемлекеттік тілді насихаттау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді.
Еңбегі мемлекет және қоғам тарапынан жоғары бағаланып, «Халық алғысы» медалімен, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен, сондай-ақ «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
























